Кез-келген дамудың астарында ұрпаққа мәдени және адамгершілік құндылықтарды жеткізу жатыр. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «...білім беру жүйесі міндеттерінің бірі ретінде белсенді азаматтың ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру» атап көрсетілген. Демек үздіксіз білім беру жүйесіндегі мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі балаларға құнды тәрбие мен сапалы білім беріп, туған жерінің тыныс-тіршілігі мен табиғатын қорғайтын мәдениеті жоғары тұлға қалыптастырудағы атқарар ролі зор екені даусыз.

Ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыра отырып, болашақта көкірегі ояу, ұлттық сана-сезімі жоғары саналы азаматын тәрбиелеу ұзақ әрі күрделі үдеріс болып табылады. Сол себепті бұл мәселе бүгінгі таңда өзекті мәселе болып, өз шешімін табуды талап етіп отыр.

Жер шарындағы барлық халықтардың табиғат ресурстарын пайдалану және қорғау туралы өзіндік ой пікірлері мен қалыптасқан салт-дәстүрлері бар. Үндістандықтар сиырды пір тұтып қадірлейді. Ал кейбір халықтар аққуды, дегелекті қастерлейді. Жалпы, түркі халықтары, соның ішінде, қазақ халқы түз тағыларын қасиетті, киелі деп санап, ұрпақтарын оларды қорғай білуге тәрбиелеген. Қазақ халқының бар өмір салты табиғатпен тағдырлас болған. Табиғат аясы - оның тіршілік ететін мекені. Біздің ата-бабаларымыз – Майқы би, Бәйдібек би, Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек би табиғатты, туған жерді қорғауға үндесе,  жыраулар табиғатты аялап, жырларына қосқан.

Абай, Мұхтар, Шәкәрім және кейінгі жазушы-ағартушылар М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллиндердің көптеген тамаша  туындылары табиғаттың әсемдігі және оны қорғау туралы болды.

Белгілі орыс ғалымы А.Н.Формозов өз еңбегінде: «қазақтардың байқағыш көзі табиғаттағы тіршілік атаулыны үнемі бақылай отырып, табиғат туралы қызықты деректер мен тұжырымдардан жинақтаған» деп аса жоғары бағалаған. Өзінің зерттеушілік қабілетімен  Ресей географиялық қоғамының толық мүшесі болған жиһангер ағартушы Ш.Уәлиханов «Табиғат, адам- олардан құпия не бар?»- деп толғанады.

Бабаларымыздың асыл қазыналарына деген көзқарасын құрметтеуге сөз әсемдігін сезінуге үйретеді. Батылдыққа, өжеттікке тәрбиелеп,  баланың сөздік қорын байыта түседі. Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, аса көрнекті жазушы М.Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған», - деп тегіннен тегін айтпаса керек.

Басқа ұлттар да сияқты қазақтарда киелі деген сөзге үлкен мән беріп, табиғаттың ерекше әсем жерлеріндегі  көріністерін мөлдір бұлақты, кейбір жануарлар мен құстарды, әсіресе тұз тағыларын киелі деп қастерледі. Аң мен құстыбей-берекет ауламай, үркітпей қорғап отырған. Халық өздері қастерлеген жерлерді «әулие бұлақ», «әулие ағаш»  т.б. деп атап келген. Ал қарлығаш, аққу, ұлар, дегелек т.б. құстарды жақсылықтың  жаршысы, адамдарға бақыт әкеледі деп ұясын бұзуға, өлтіруге мүлдем рұқсат етпеген.

             Ұлттық мұраның бай қазынасының бірі – халықтың ұлттық ойындары көп салалы, көп қырлы құбылыс, ол тек ойындық сала емес, мәні жағынан жасөспірімдердің  рухани өрісінің кеңіп-өсіп жетілуіне,  эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелейтін негізгі құралдардың бірі.

Ұлы педагог В.Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, қиялсыз толық мәніндегі  ақыл-ой тәрбиесі болмайды»,- дейді, яғни шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы байи түседі дейді.

М.Контарович, Л.Михайлованың авторлығымен жазылған еңбекте жыл мезгіліне сәйкес қыс айларында ойналатын ойындар, топ болып ойнайтын, жеке бір балаға арналған далада өткізілетін қимыл-қозғалыс ойындарының әдістемелік нұсқауы берілген. Ойын түрлері мен шарттарын бала жасына қарай бөліп классификация жасап, бірнеше халық ойындарын ұсынған. Фольклортанушы ғалым Ә.Диваевтың «Қазақ балаларының ойындары» деген еңбегінде балалардың жас ерекшеліктерін үшке бөледі: «... өмірге келгеннен жеті жасқа дейін, жеті жастан он бес жасқа дейінгі балалар,  он бес жас пен жиырма жас аралығындағы  жастар». Ұлттық ойындардың адамға тигізетін пайдасын адамдар ерте кезден-ақ білген.  Көшпелі өмір кешіп,  мал баққан тайпалардың  көзін ашқаннан көрген  театры да, өнері де,  көңіл көтерер қызығы да осы ұлттық ойындар болған. Қазақ халқының тіршілігінде  төрт түліктің (қой-ешкі, сиыр, жылқы, түйе) мал шешуші орын алған. Бүкіл өмірі мал өсірумен өткен  қазақ халқының этнографиялық  даму ерекшеліктері, той-думан,  қуанышы мен реніші де осы малмен байланысты болды.

Амандасқанда да жан амандығын сұрамай, мал-жан амандығын сұрауы, қазақтың тіршілігінің тірегі, көзі малға деген көзқарасының ерекше бір сезіммен қалыптасуы болды. Осындай экономикалық құрылыстың негізінде  төрт түліктің қасиеті тек  қазақ ауыз әдебиетінде жырланып қоймай,  ұлт ойындарының дамуына да себеп болды. Келе-келе ойын кейіпкерлері де  осы төрт түліктен тұратын «Ақ байпақ», «Түйе-түйе», «Соқыр теке» т.б. ұлттық ойындары дами бастады. Мысалы «Ақ байпақ» ойынында жоғалтқан ботасын іздеген інген  қатты күйзеледі. Ақырында ботасын көріп,  жаны жай тауып, ботасымен әңгімелесе келіп, өзін тыққан ұрылардың кімнен кімнен жақсылық, кімнен жамандық көрдің деп, содан ботаның айтуы бойынша інгеннің бұйрығымен ойнаушылар жазасын алады.

Қоршаған ортаға саналы көзқарасты қалыптастыру арқылы жүйелі тәлім-тәрбие беру, оқу мен тәрбие үдерісін жетілдіру, кәсіби білігі жоғары мамандарды даярлау мәселелері қазақстандық ғалымдардың К.М.Беркімбаев, А.Е.Манкеш, Б.Р.Айтмамбетова, Ш.Т.Таубаева, Ж.Ы.Намазбаева, Ж.Б.Шілдебаевтың арқау болды.

  Мектеп жасына дейінгі балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудың міндеттері төмендегіше:

  1. Табиғат құбылыстары мен денелері туралы қарапайым түсініктерін қалыптастыру;
  2. Баланың қоршаған ортаға деген дұрыс көзқарасын қалыптастырып, дүниені танып білудегі жүйесін негіздеу;
  3. Қоршаған ортамен таныстыру кезінде  балалардың танымдық іс-әрекеттерін дамыту.

            Бастауыш мектептерде экологиялық мәдениетті қалыптастырудың бір әдісі – сабақ барысында ұлттық ойынның элементтерін қолдану.

Сабақ барысында табиғат пен оның денелеріне қатысты қазақ фольклорының элементтерін қолдансақ, баланың ұлттық және рухани тәрбиесінің өркендеуі мен танымдық қабілеттерінің дамуына үлкен септігін тигіземіз. Әдебиетті оқу, орыс және қазақ тілдері бағытындағы тәрбие жұмыстарында тақырыпқа сай мақал-мәтел, жұмбақ, ертегі, жаңылтпаш, тыйым сөздерді пайдалану баланың ойлау жүйесін, қиялын дамытып, шығармашылық белсенділіктерінің артуына мүмкіндік береді.

Оқушылардың табиғаттағы қарым-қатынас ерекшеліктерін түсіну, дағдылану және ақыл-ойы  мен зеректігінің дамуына  байланысты ойындарды  тәжірибеге енгізу керек. Қазақтың ұлттық ойындарының терең тәрбиелік, әскери-спорттық, салт-дәстүрлік, өзара қарым-қатынастық және көркем-эстетикалық сипаты бар. Ұлттық ойындар дене шынықтыру, жастардың ақыл-ой қабілетін арттыру сияқты міндеттер атқарған.

Ұлттық ойындар қоршаған ортаға, аңларға қастерлеу қатынасты тәрбиелеп көрсететін. Халық шаруашылығының бір саласы аң аулау болғандықтан, қазақтарда ежелден аңдар мен құстар дауыстары мен құлықтарына ұқсату өнері атақты болған. Аңдардың құлықтарын имитациялайтын ойындар әлі де кездеседі.

Сабақта және тәрбиеде, яғни балабақшалар мен бастауыш мектептерде ұлттық ойынды ұтымды пайдаланса, алдымен еңбекке баулу және дене шынықтыру пәндерінде оқушылардың өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру шарттары теориялық тұрғыдан негізделсе, онда оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға және халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп, ұлттық сананы қалыптастыруға болады.

Бабаларымыздың асыл қазыналарына деген көзқарасын құрметтеуге сөз әсемдігін сезінуге үйретеді. Батылдыққа, өжеттікке тәрбиелейді. Ендеше еңбекке баулу сабағын ұлттық ойындар арқылы сабақтасытырып түсіндіру пән тақырыптарын тез, жылдам меңгеруге ықпал етеді. Оқушылардың көркемдік сөздік қорын байыта түседі.
Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, аса көрнекті жазушы М.Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған», — деп тегіннен тегін айтпаса керек. Одан кейінгі кезеңде қазақ халқының бай этнографиялық материалдарын жинақтаған және оның ішінде ұлт ойынының тәрбиелік маңызы туралы пікір айтқандар К.А.Покровский, А.И.Ивановский, Н.И.Гродеков, Е.А.Алекторов, Ә.Диваев, А.Левшин, Н.Пантусов, Ф.Лазаревский, П.П.Пашин, Г.С.Запряжский, А.Шиле, А.Харунзин, А.Горячкин, П.Ходыров, Е.Букин, О.Әлжанов, т.б. болды.
          Е.Сағындықов өз еңбегінде: «Қазақтың ұлт ойындары тақырыпқа өте бай және әр алуан болады», — дей келіп, ұлт ойындарын негізінен үш салаға бөліп топтастырған.

Ұлттық ойындардың көп тараған түрлерінің бірі- «Ұшты-ұшты».  Бұл ойынға бірінші сынып оқушыларын қатыстырып ойнатқан дұрыс.

Ойын ережесі: Бір бала ортаға шығып, жиналғандарды дөңгелете, өзіне қаратып бір қатарға отырғызады. Ойын тәртібін түсіндіреді. Ойын жүргізуші: «Ұшты-ұшты, бөдене ұшты»,- деп қолын көтереді. Сол кезде ойыншылар тыңдап отырады да, ұшатын затқа қолдарын көтерулері керек. Ұшпайтын затқа ұшты деп қол көтерсе, көтерген ойыншылар жазасын алады. Алданған ойыншылардың жазасы- өлең айтып, би билеу т.б.

Мәселен, «Соқыр теке» ойынын қарастырайық

Жүргізуші «Тентек текені» ортаға шығарып, көзін таңа бастағанда ол былай деп әндетеді:

                                           Қараңғыда көзім жоқ,

                                           Маған жақын келіңдер.

                                           Тиіп кетсем сөзім жоқ,

                                           Бір қыз ұстап беріңдер!

Көзі байланған «Соқыр текені» айнала қоршап тұрғандар мазақтап:

                                          Соқыр, соқыр, соқырақ,

                                          Тотияны салайық,

                                          Оң көзіңе топырақ,

                                          Ал, ұстап көр, батырым,

                                          Топырағын алайын,

                                          Міне, келе жатырмын!- деп өлеңді айтып болысымен, әр жаққа қашады. Ал «Соқыр теке» олардың бірін ұстауға тырысады. Ұстаған оқушысы оның орнына  тұрады, сөйтіп ойын жалғаса береді.

        Ойынды жүргізу барысында «Соқыр теке» оқушылардың дауысын аңғара отырып, дұрыс бағыт таңдауға, мақсаттылық пен жеңіске жетуге үйренеді.

«Ақсүйек» ойыны оқушыларды байқағыштыққа, қырағылыққа, батылдыққа, ерлікке және шапшаңдыққа баулиды.

«Санамақ», «Жылдам айт» т.б. тартымды ойындарды үйрету, тіл өнеріне негіз болады деп есептелген.

Аңға байланысты ойындар: «Ақсерек-көксерек», «Аңшылар мен қояндар», «Көкшатыр», «Бура-қотан», «Соқыр теке», «Түйе мен бота» деген малға қатысты ойындарды ойнатар алдында жан-жануарлар, үй хайуанаттарының пайда-зияны, жануарларды қорғау, қорықтар туралы әңгіме айту бала санасында оның табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіні сөзсіз. Ойын соңында малға байланысты, табиғат туралы мақал-мәтелдер айтудан жарыс ұйымдастырса құба құп.

Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жастарға үлгілі, өнегелі тәрбие беру - қазіргі міндеттердің бірі. Оқушыда жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жеке тұлғалық қатынасын (этикалық, эстетикалық, адамгершілік тұрғысынан) тәрбиелеу мақсатын халқымыздың мәдени рухани мұрасының, салт-дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына дарыту арқылы жүзеге асыруға болады. Осымен байланысты бағдарлама халқымызға тән әдептілік, қонақжайлық, мейірімділік, т.б. сияқты қасиеттер, табиғатқа деген қарым-қатынасындағы біздің халыққа тән ерекшеліктер. Жас ұрпақ өз халқының мәдениетімен, асыл мұраларымен ұлттық әдебиеттер арқылы танысып келеді. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ойынды сабақта қолдану оқушылардың ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы.

        Ұлттық ойындар арқылы оқушыларды табиғатты сүюге, өсімдіктер мен жануарлар түрлері және тіршілігін түсіндіре отырып, бастапқы экологиялық мәдениетін қалыптастыруға болады деп есептейміз.

Қорыта айтқанда, ойын оқушының көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным-түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып, жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді. Халқымыз ойындарға балаларды тек алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарасының, мінез-құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған.

Жалпы ойынның қандай түрі болмасын, атадан балаға, ұрпақтан- ұрпаққа ауысып отырады. Халық ойындары өмірлік қажеттіліктен туады да, психологиялық жағынан денсаулық сақтауға негізделеді. Тапқыр да алғыр, шымыр да епті, қайратты да қажырлы бала өсіруді армандамайтын отбасы жоқ. Демек ойынның өзі бала үшін біліктің, тәлімнің қайнар көзі болып табылады. Балаларға  ұлттық ойындарды үйретіп, оған өзгеше әр беріп, жаңартып  өткізіп отыруды ата-аналар, тәрбиешілер бір сәт те естен шығармағандары абзал. Өйткені жас өндір бүлдіршіндер ойнай да, күле де, ойлай да білсін!