Шымкент қаласының әкімі Ғ.Р.Әбдірахымовтың 2015 жылы атқарылған жұмыстары бойынша халық алдында есеп беру кездесулерінде түскен сауалдарға ЖАУАПТАР

1. Әбусейiт Молдабеков, Шымкент қ. Көктас көшесі 31 үй:

Сұрақ: – Жүрек ауруына байланысты жұмысқа жарамсызбын, өзім мүгедекпін, сондықтан үйімнің жанындағы қараусыз қалған аялдаманы дүңгіршек ашу үшін рұқсат берсеңіз!  

Жауап: – Қаланы көріктендіру концепциясына сай, қаланың орталық көшелеріне дүңгіршегі бар аялдама орнатуға тыйым салынған, ал екінші дәрежелі көшелер (ішкі орамдық көшелер) бойына дүңгіршегі бар аялдама орнатуға келісім берілген. Осы орайда «Айқап» шағынауданы, Көксай көшесінің бойына орнатылған коммуналдық меншіктегі аялдама орнына, коммерциялық мақсатта дүңгіршегі бар аялдама орнату үшін, алдын ала Шымкент қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімдерінен (Сәулет және қала құрылысы бөлімінен – эскиздік жоба, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен – аялдама бекеті жөніндегі анықтама, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінен – рұқсаттама) құжаттарын рәсімдеп қалалық жер комиссиясына ұсынуыңыз қажет. Жер комиссиясының қорытындысы негізінде ғана дүңгіршегімен жаңа аялдама орнатуға рұқсат беріледі.

Сұрақ: – Шымкент қаласы, «Көксай» көшесінің бойынан қоғамдық көлік аялдамасын орнатып беруіңізді сұранамын.

Жауап: – «Көксай» көшесінің бойына 4 қоғамдық көлік аялдамасы орнатылған, сондықтан қосымша аялдама орнату талапқа сай келмейді.

   

2. Л.У. Лесова, Қабанбай батыр көшесі 13 үй төрайымы:

 Сұрақ: – Шымкент қаласы, Қабанбай батыр көшесі №13 тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы арқылы күрделі жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың жоспарына енгізуіңізді сұранамын.

Жауап: – Әл-Фараби ауданы әкімдігінен Қабанбай батыр көшесі №13 тұрғын үйдің тұрғындарының үйді жаңғырту бағдарламасы арқылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісім берген №1,2 хаттамалары алынды. 2016 жылы қайтарым қаржы есебінен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 17.02.2016 жылы №31/60 хатымен «Тұрғын үй Шымкент»ЖШС-не ұсынылды. Аталған мәселе Шымкент қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бақылауында.

Сұрақ: – Қабанбай батыр көшесі №13 үйдің ауласына балалар алаңшасын осы жылдан қалдырмай орнатуыңызды сұранамын.

Жауап: – Қабанбай батыр №13 көпқабатты тұрғын үй ауласына балалар ойын алаңшасын орнату үшін сметалық құжаттама жасалынған. Аталған жұмыстар қаржы қаралған жағдайда атқарылады.

3. Жарқынбек Сеитінбетұлы, ОҚО «Білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық комитет» жетекшісі:

Сұрақ: – Мектеп директорларын өзіңіз тағайындап жатырсыз. Көп рахмет! Ендігі кезекте балабақша меңгерушілерін де өзіңіз жұмысқа қабылдасаңыз деген өтінішім бар!  

Жауап: – «Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ, оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы №70 бұйрығын басшылыққа алып, білім бөлімінің 05.02.2016 жылғы №63 бұйрығына сәйкес балабақша меңгерушілерін тағайындау конкурстары қала әкімінің төрағалық етуімен өткізіледі.

Сұрақ: – Мектеп директорын ротация жасауды қолға алсаңыз.

Жауап: – «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық тағайындау қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығына сәйкес мектеп басшылары конкурс арқылы тағайындалады. Мекеме басшыларын «ротация» жасау, яғни, бір мекеменің басшысын екінші мекеменің басшысымен ауыстыру Қазақстан Республикасының ешбір нормативтік құқықтық актілерінде қарастырылмаған.

Сұрақ: – Мектеп директорының бос орнына қазақ түрік лицейінен мамандар қоюды қолға алсаңыз.

Жауап: – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 27 желтоқсандағы №512 бұйрығына сәйкес, мектеп директоры лауазымына үміткерлерге «педагогикалық жоғары білімі, 5 жыл педагогикалық өтілі, басқарушылық қызметте 1 жыл қызмет етуі, жоғары немесе бірінші санатты мұғалім болуы тиіс» деген талаптар қойылған. Сонымен қатар, мектеп директоры лауазымына бос орын болған жағдайда «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» басылымдарына және білім бөлімінің www.shymkent.gov.kz сайты арқылы конкурс өткізу туралы хабарлама жарияланады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, аталған талаптарға сай келетін әрбір педагог азамат конкурсқа қатысуға құқылы.

Сұрақ: – №33 мектеп мұғалімдері ер азамат директор болса деген өтініштері бар.

Жауап: – Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарын «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп көрсетілген. Сондықтан конкурсқа құжат тапсырып, нәтижесінде коммиссияның оң шешімін алған азамат директор болып тағайындалады.

Сұрақ: – Мектептерде білікті, тәжірибелі сын-пікір айтатын мұғалімдердің қудалануы тиылмай келеді.

Жауап: – Мектептерде мұғалімдерді қудалау мәселесі бойынша айтылған уәжге қатысты қала әкімінің жеке қабылдауына келуіңізге немесе құзырлы органдарға жазбаша түрде арыздануыңызға болады.

Сұрақ: – Қала мектептерінде парақорлық, жемқорлық фактілері тоқтамай келеді. Осыған шара қолдансаңыздар.  

Жауап: – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» №512 бұйрығына сәйкес мектепте оқу-тәрбие процесін әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру және жетілдіру бірінші басшыға жүктелген. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» №410 Заңының 12-бабына сәйкес білім мекеменің бірінші басшылары мемлекет қызметшілерге теңестірілген тұлғалар ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу қабылдайды. Білім бөлімінде «Сенім телефоны» (31-06-25) жұмыс істейді. Білім мекемесінде заңсыз ақша жинау фактілері болған жағдайда жоғарыда көрсетілген телефонға шағымдануыңызға болады.

Сұрақ: – «Төменгі Отырар» шағынауданында балалар ойнайтын алаң жоқ, сол жерге стадион салынса деген өтінішіміз бар.

Жауап: – 2014 жылы Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты тарапынан «Отырар» шағынауданы №38 және №50 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына спорт алаңшалары салынған. «Төменгі Отырар» шағынауданы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына спорт алаңшасын орнату жұмыстары ағымдағы жылы жоспарланбаған. Алайда, Сіздің ұсынысыңызды ескере отырып, аталған жұмыстарды жүргізу үшін сметалық құжаттамасын жасауға аталған мекен жайда спорт алаңшасын салу мақсатында жер телімінің бос немесе бос емес екендігін анықтау үшін зерделеу жұмыстары жүргізіледі.

4. Кузеров Абдрахман, Шымкент қ. «Тұран» шағынауданы 68 уч.

Сұрақ: – Биыл «Тұран» шағынауданына қоныстанғанымызға 10 жыл толады. Алайда шағынауданда су, газ, жарық жоқ. Халық наразылығын білдіріп жатыр. Біздің шағынауданды сумен, газбен қамту жұмыстары қашан қолға алынады?  

Жауап: – «Тұран» шағынауданын инфрақұрылым жүйелерімен (ауыз су, газ, электр жарығы) қамтамасыз ету мақсатында, жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары басталған болатын. Алайда, шағын ауданның егжей-тегжей жоспары (ПДП) бекітілмеуіне байланысты, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын.

Қазіргі таңда, шағын ауданның егжей-тегжей жоспары келісіліп, бекітілді. Осыған байланысты, инженерлік жүйелердің, соның ішінде ауыз су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаржы бөлуге ұсыныс берілді.

Сұрақ: – Шағынауданымызға қоғамдық көлік жүрсе деген өтінішіміз бар.

Жауап: – Бозарық елдімекеніне №71 бағыт қызмет көрсетуде. Аталған бағытты «Тұран» шағынауданы арқылы жүргізуге қосымша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, сызбасын өзгерту мүмкіндігі қаралатын болады.

Сұрақ: – Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар (мектеп, почта) қарастырылса?

Жауап: – «Шымкент қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес «Тұран» шағынауданынан 1200 орындық мектеп құрылысының ЖСҚ-ы 2017 жылы жасалып, құрылыс жұмыстарын жүргізу 2018 жылға жоспарлануда.

5. Ә.Өмірәлиев, Ардагерлер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы:

Сұрақ: – «Нұрсәт» шағынауданының тұсынан өтетін балалар темір жолының топырағын алып, жеке адамдардың үй салуы-ешқандай да мәдениеттілікке жатпайды. Осы балалар темір жолының аумағында салынып жатқан нысандардың заңды екенін тексеріп, керек болса құқық органдарына тапсырып, тоқтатуға шара қолдануыңызды сұранамын.  

Жауап: – «Нұрсәт» шағынауданының Бәйдібек би даңғылы №79/1, азамат Мусабеков Сулиманның Дендросаябақ маңындағы орналасқан балалар темір жолының жанынан топырағын қазып алып, жеке адамдардың үй салып жатқандығы жайлы арызы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына 18.02.2016 жылы №20/1557 санды хатпен заңдылығын анықтау үшін жолданды. Жоғарыдағы мекемеден хат алынғаннан кейін толық жауабын қосымша хабарланады.

6. С.Әділбек, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрсай» шағынауданы 38 үй

Сұрақ: – «Қазығұрт» шағынауданында балалар ойнайтын орын жоқ. Ал «Құрсайда» жерлер әлі сатылып жатыр. Сізден сұранатынымыз сол жерлерден, халыққа керек стадионға, мешітке, емханаға, почтаға, мәдениет үйіне т.б. әлеуметтік нысандардың құрылысына жерді резервке алуға ықпал етуіңізді сұранамыз.   

Жауап: – Шымкент қаласы әкімдігінің 14.08.2014 жылғы №1651 санды қаулысымен Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт бөліміне «Қазығұрт» шағынауданы, Мақталы көшесі нөмірсіз мекен-жайда орналасқан спорт ғимаратының құрылысын жобалау мен салу үшін алаңы 0,1716 га жер учаскесі рәсімделіп, кадастрлық №:19-309-149-1696 санды сәйкестендіру құжаты табысталған.

7. Сәрсен Ордабеков, тыл ардагері, Молдағұлов көшесі 48 үй

Сұрақ: – «Қазығұрт» шағынауданында Бадам-3 елді мекенінен басталатын Сауыр ата каналы бар. 2013-2014 жылдары (құны – 120 миллион теңге) каналды «Құрсайдың» бас жағына дейін тазалады да, тастап кетті. Тазаламаған аумағын тұрғындар қоршап алып, тегістеп, иелік етуде. Сел, тасқын болса үйімізді су алатын қауіпі бар. Каналдың тазаланбаған бөлігін тазалауға ықпал етуіңізді сұранамыз.

Жауап: – «Ақсай-Қарабастау» каналының арнасын (Құрсай шағынауданы аумағы) тазалау жұмыстары «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і тарапынан 2016 жылғы 24 ақпан күні басталды. Жалпы ұзындығы 400 метрге жуық жерді ағымдағы жылдың 12 наурызына дейін механикалық тазалау жоспарланып отыр.

8.К.А. Мендекеева, Қошқар-Ата көшесінің төрайымы

Сұрақ: – Әл-Фараби ауданының Қошқарата көшесінде ирригациялық арық қарастырылмаған, сол себепті жоғарыда орналасқан Әлімқұлов, Төле би көшелерінен аққан жауын-шашын сулары Қошқарата көшесіне жиналып, лай-батпақ болып тұрғындардың жүріп-тұруына қолайсыздықтар тудыруда. Әлімқұлов, Қошқарата көшелеріне қашан ирригациялық арық орнатылады? №19 мектепке баратын балаларымыз тас жолмен жүруге мәжбүр. Осыған байланысты Қошқарата көшесін асфальттап беруіңізді сұранамын.

Жауап: – 2015 жылы қалалық ТҮКШ бөлімі тарапынан Әлімқұлов және Қошқар ата көшелерінің қиылысына ирригациялық лоток жүргізу жұмыстарының сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2016 жылға құрылыс жұмыстарына қаржы қарауға бюджеттік комиссиясына ұсыныс енгізілді. Қошқарата көшесінде ирригациялық жүйелер салынған соң, 2017 жылы жолды жөндеу жұмыстары атқарылатын болады.

9.М.Ш. Абдикаримов, С.Әзім көшесі, 49 үй тұрғыны

Сұрақ: – С. Әзім көшесін жарықтандырып, көше арқылы қоғамдық көлік жүргізуді сұранамын (Диваев көшесінің қиылысынан бастап Адырбеков көшесі орамы).

Жауап: – Шымкент қаласының орталық көшелерін түнгі жарықтандыру жұмыстары бекітілген жобаға сай атқарылуда. 2016 жылы 28 көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бірінші кезекте бекітілген жобада жарықтандырылатын көшелердегі әлеуметтік нысандарды (мектеп, балабақша, емхана т.б.) қамту жоспарланған. Жергілікті маңызы бар С. Әзім көшесімен қиылысатын Адырбеков, Диваев, Қазыбек би және М.Маметова көшелері жарықтандырылған. Осы орайда, С.Әзім көшесінде әлеуметтік нысандардың жоқ болуына байланысты жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 2017-2018ж.ж. жоспарланады. Бүгінгі таңда Ж.Адырбеков, М.Мәметова көшелері арқылы №96, №63 шағын автобус бағыттары қатынап, жолаушыларға тасымалдау қызметін көрсетуде. С.Әзім көшесі ішкі орам көше болып есептеледі және қоғамдық көліктердің қатынауына ыңғайластырылмаған. С.Әзім көшесінен Адырбеков көшесіне дейін қашықты 550 метрді, С.Әзім көшесінен М.Мәметова көшесіне дейінгі қашықтық 470 метрді құрайды. Сол себепті, С.Әзім көшесімен қоғамдық көлік бағытын жүргізудің мүмкіндігі жоқтығын хабарлаймыз.

10. Ж.М. Сафаров, «Ынтымақ» шағынауданы төрағасы:

 

Сұрақ: – Біздің жас балаларымыз мектепке 4 шақырым аралығында жүріп өтеді, емханамызда алыс, қалаға, жұмысқа баруымыз, Темірлан тас жолына шығуымыз 4-5 шақырым алыста. Бізге 115 маршрут жүргізушілері келісімін беріп тұр. Ауыл ақсақалдары атынан және көп балалы ата-аналар атынан өтініш білдіреміз.

Жауап: – Бүгінгі таңда, №115 шағын автобус бағытының қозғалыс сызбасы Игілік шағынауданына дейін ұзартылды. «Ынтымақ» шағынауданына қоғамдық көлік бағытын жүргізу мүмкіндіктері мәселесі зерделенуде. Сондықтан мәселенің шешімі қосымша хабарланады.

11. Есенбай Таңатаров, «СТК» төрағасы

Сұрақ: – Абай ауданы «Жаңаталап» елдімекені арқылы өтетін облыстық маңызы бар жолдың бойына 14 аялдама қойылды, рахмет. Дегенмен, осы жолдың жөндеу көрмегеніне 10-15 жыл болған. Осы жолды жөндеуге ықпал етсеңіздер?

Жауап: – Жанаталап тұрғын алабы орталығымен өтетін облыстық манызы бар КХ-106 жолын (бұрынғы Ахунбабаев көшесі – қазіргі Жиделі Байсын көшесі) орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 116 млн. теңге бөлінді. Жұмыстар ағымдағы жылы мамыр айында басталып, жыл сонына дейін аяқталатын болады.

12.И.Усимбаев, Ә.К.Шынықұлов, «Қазығұрт» және «Құрсай» шағынаудандарының тұрғындары:

Сұрақ: – №11 емхананың бөлімшелері 3 жерде болмақшы аралары ұзақ, №49 жалпы орта мектептің ескі ғимаратының орнына №11 емхананы салу құжаттары дайындалған, неге осы жерге салмайды? Осы футбол алаңын және емхананы келіп көруіңізді сұранамыз, және қалалық білім беру бөлімінен ескі №49 орта мектептің орнын, №11 емхананың балансына өтуіне және мемлекеттік Акті алуына ықпал етсеңіз. Тапсырыс беруші Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс басқармасы мемлекеттік мекемесі құрылысты қашан бастар екен? Осы кезек күттірмес мәселені өзіңіз келіп көріп Оңтүстік Қазақстан облысы әкіміне емхана салу жөнінде ұсыныс беруіңізді сұранамыз.

Жауап: – «Қазығұрт» шағынауданындағы емхана құрылысына №49 жалпы орта мектептің ескі ғимаратының жер учаскесі қарастырылған. Аталған аумаққа 500 адам қабылдайтын емхана құрылысын жобалап салу үшін, алаңы 1,5 га жер учаскесі тапсырыс беруші ОҚО құрылыс басқармасы атына рәсімделген. Қазіргі таңда, жоғарыда аталған нысанға бюджеттен қаржы, инженерлік инфрақұрылым алыс болуына байланысты, жақын аумақтан қосылу көздері қарастырылуда.

13. Ұлжалғас Абдуллаева, 3-ші Бадам көшесі:

Сұрақ: – Біз 3-ші Бадам көшесінің тұрғындарымыз. Біздің көшемен айналып өтетін автобус жүргізіп берулерініңзді өтінеміз.

Жауап: – Шымкент қаласының даму концепциясына сәйкес, автобус паркін ашу жоспарлануда. Жаңадан ашылатын автобус паркіне сығымдалған (метан) газда жүретін автобустар алып, әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттар бойынша жолаушыларға тасымалдау қызметін көрсетін болады. Әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының шығындары бюджет есебінен өтеледі. Әлеуметтік маңызы бар бағыттардың жұмысы қаланың шалғай, жолаушылар ағыны төмен шағынаудандарға қатынап, қоғамдық көліктер бойынша туындап отырған мәселелерді түбегейлі шешеді. 3-ші Бадам көшесіне әлеуметтік маңызы бар бағыт жүргізу мүмкіндігі қаралатын болады.

14. Қалаубек Сарсенбаев, «Айқап» шағынауданы, Көктем көшесі:

Сұрақ: – Көшемізде жарықтандыру мәселесі шешілуін сұранамын. Кешкі уақытта, әсіресе қыста балаларға мектептен қайтуы қиын.

Жауап: – Шымкент қаласының орталық көшелерін түнгі жарықтандыру жұмыстары бекітілген жобаға сай атқарылуда. 2016 жылы 28 көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бірінші кезекте бекітілген жобада жарықтандырылатын көшелердегі әлеуметтік нысандарды (мектеп, балабақша, емхана т.б.) қамту жоспарланған. Сұрағыңызда көрсетілген «Айқап» шағын ауданы, Көктем көшесіне жарық шам орнату 2016 жылы қаралмаған. Тиісінше, аталған көше тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандары тарапынан зерделеніп, 2017-2018 ж.ж. жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге ұсынылатын болады.

15. Қуандық Ақжігітов, ауыл биі, Мектеп көшесі, №71 үй:

Сұрақ: – «Қазығұрт» шағынауданында балалар ойнайтын не спорт алаңы, не стадион жоқ. Бір стадионымыз бар еді «Құрсайда», оны да тұрғындар заңды-заңсыз басып алуда. Стадионның жерін неге үй салуға береді? Оны халыққа заңдастырып алып берсеңіз.

Жауап: – Шымкент қаласы әкімдігінің 14.08.2014 жылғы №1651 санды қаулысымен Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт бөліміне Шымкент қаласы, «Қазығұрт» шағынауданы, Мақталы көшесі нөмірсіз мекенжайда орналасқан спорт ғимаратының құрылысын жобалау мен салу үшін алаңы 0,1716 га жер учаскесі рәсімделіп, кадастрлық №:19-309-149-1696 санды сәйкестендіру құжаты табысталған.

16. А.Жамбыл, «Қазығұрт» шағынауданы, ардагерлер кеңесі атынан:

Сұрақ: – «Қазығұрт» шағынауданы, №66 мектепке осы уақытқа дейін 400-500 бала 1,5-2 шақырым жаяу баратынын айтып, ардагерлер кеңесі Абай ауданы әкіміне арыз жазған болатын. Осы арыз Сіздің қарауыңызға жіберілген деп жауап алдық. Сізден өтініш осы арызды бақылауыңызға алып басшылық етсеңіз.

Жауап: – Бүгінгі таңда «Қазығұрт» шағынауданына №34,134,60,60А бағыттары қызмет атқаруда. Аталған бағыттарды Сіз ұсынып отырған №66 орта мектеп маңынан жүргізу үшін, сызбасына қосымша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, өзгерту мүмкіндігі қаралатын болады. Сондықтан мәселенің шешімі қосымша хабарланады.

17. Н.Б. Бөкеева, ата-аналар атынан өтініш білдіріп отырған, Саяжол көшесі, №29 үй:

Сұрақ: – №9 көркем гимнастика спорт мектебінің оқушыларының, ата-аналарының атынан көркем де, зәулім мектебіміз үшін рахмет айтқым келеді. Біз Сізге ризамыз. Енді, сол мектепке бару үшін автобустар қашан жүрер екенін білгіміз келеді?  

Жауап: – Астана даңғылындағы №9 көркем гимнастика спорт мектебіне дейін №78 автобус бағыты қатынап, жолаушыларға тасымалдау қызметін көрсетуде.

Сұрақ: – Спорт мектебіне баратын жаяу жүргіншілер аяқжолы салынса?

Жауап: – Астана даңғылы №9 көркем гимнастика спорт мектебіне баратын жаяу жүргіншілер жолының құрылысы 2017 жылға қарастырылған.

18. Қуандық Сауранбай, «Түркістан» шағынауданы, Жаңағасыр көшесі, №208/2:

Сұрақ: – Осы қаламыздың белсенді азаматы ретінде, жанашарлықпен қаламыздың қақ ортасында орналасқан Д.Қонаев – Тәуке хан даңғылдарының қиылысындағы «МЕГА» сауда орталығы мен «ЦУМ» (әмбебап сауда орталығы) ортасындағы орналасқан бір қабатты ұзына бойы жолаяқ бойына салынған кіші сауда топтамасы оғаштау көрініп, сол маңайдың сән-салтанатын бұзып тұр. Сол сауда топтамасын бұзып, орнына «МЕГА» сауда үйі мен «ЦУМ»-ды қосатын дизайнерлік жобамен аспалы көпір салып берсеңіздер, халық игілігіне пайдаланар еді. Алдағы уақытта Сіздің басқаруыңызбен Шымкент адам танымастай өзгеретініне сенемін.

Жауап: – Тәукехан-Қонаев даңғылдарының қиылысында орналасқан «Mega planet» және «Орталық әмбебап дүкені» («ЦУМ») жеке меншіктегі сауда орталықтары болып табылады. Шымкент қаласы әкімдігі жоғарыда аталған екі сауда орталықтарын қосатын аспалы көпірдің құрылысын салуды жоспаралап отырған жоқ. Егер де нысан иелері өз қаражаттары есебінен аспалы көпір құрылысының нобайлық жобалар әзірлеп қала құрылысы кеңесіне ұсынса, қала әкімдігі ол ұсынысты қарауға дайын.

19. М.Умаров, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Сұрақ: – Қаламыздың орталығындағы Б.Момышұлы ескерткішінде халық қаһарманы, батыр бабамыздың кім екендігі жөнінде жазылған мәлімет жоқ. Өскелең ұрпақ халқымыздың батырлары мен ақын, жазушыларын білуі парыз. Сондықтан қаладағы барлық ескерткіштері қойылған тұлғалар туралы толық мәліметтер жазылуын қамтамасыз етсеңіздер.

Жауап: – Қала аумағында 37 ескерткіштерді күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде. Әрбір ескерткіш маңына қысқаша мәлімет жазатын тақта орнату қосымша қаржыны талап етеді. Сіз көтеріп отырған мәселені жүзеге асыруға 2016 жылдың бюджетінде қаржы қаралмаған. Алдағы бюджетке нақтылау барысысында Сіздің ұсынысыңыз назарға алынады.

 Сұрақ: – Қаламызда 177 Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соғыста қайтыс болған жауынгерлердің жесірлері бар, олар күн санап азайып барады. Олардың көпқабатты үйлерде тұратын 119 ардагерлерге «3-Энергоорталық» АҚ-ы арқылы жылу жүйесіне жеңілдіктер беріліп отыр. Ал, жеке жер үйлерде тұратын 58 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне «ҚазТрансГазАймақ» Ақ-ы арқылы табиғи газдың төлемақысына жеңілдік берілуіне қолдау көрсетсеңіздер.

Жауап: – Қала әкімдігінің негізгі мақсаты тарифты қалыптастыру барысында бірыңғай жүйеге келтіру, яғни тарифтің қалыптастырудағы маңызды талаптарды ескеру. Тарифті бекіту әкімдік құзырына кірмейді, ол орталық атқарушы органдар құзырында. Бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы ОҚӨФ-ы табиғи газдың тарифінде табиғи газдың бағасына жеңілдік беру қарастырылмаған. «Ұлы Отан соғысындағы» Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу қарсаңында Шымкент қаласындағы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы ОҚӨФ-ы соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету жөніндегі іс-шараларға белсенді түрде қатысты. Ардагерлерге атаулы материалдық көмек, азық-түлік себеттері, сыйлықтар берілді. Бұдан басқа, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы ОҚӨФ қызметкерлері газ тұтынушы ардагерлердің дербес шоттарына бір күндік жалақыларын аударды. Осылайша, барлық ардагерлер шамамен 700 м3 табиғи газға ақы төлеуден босатылды. Сіздің ұсынысыңыз «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы басшылығына жолданатын болады.

Сұрақ: – Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің туылған күндерін өздеріңізбен біргелікте, шама шарқымыз келгенше құттықтап жатырмыз. Дегенмен, ардагерлеріміздің 90, 95, 100 мерейлі туылған күндеріне қаламыздағы депутаттар мен кәсіпкерлер тарапынан тиісті қолдау көрсетілмей жатыр. Осы ардагер-қарияларымызға жомарт жанды азаматтар көңіл бөлсе дейміз.

Жауап: – «8 наурыз күні» - Шымкент қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен қала аумағында тұратын 29 Ұлы Отан соғысына қатысқан әйел-аналарға мереке орай сыйлықтар табыс етілді. Ұлы отан соғысының Жеңістің 70 жылдығына орай 9 мамыр қарсаңында «Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне» «Ерең еңбегі үшін медалмен марапатталған тыл ардагерлеріне» және жауынгер жесірлеріне 5 мамыр күні 500 ардагерге қала әкімінің қатысуымен салтанатты түрде мерекелік дастарханда және 800 ардагерге «Даңқ» мемориалдық гүл шоқтарын қою және еске алу және Әскери «Дала ботқасы» мерекелік іс-шараслары өтті. Демеушілер тарапынан 9 мамыр Жеңіс күніне орай ЖШС «Дигдар», Тіс протез жасауға «Мастер Дент» емханасы, «Арайлы» тігін фабриакасы сый –сияпаттар көрсетілді. Сонымен қатар, 15 Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне демеушілік есебінен арнайы мерей тойларына ақшалай және заттай көмек көрсетілді. Осындай игі істер 2016 жылы да өз жалғасын табатын болады.

20. Яхия Қалходжаев, «Тұран» шағынауданының төрағасы:

Сұрақ: – «Тұран» шағынауданының тұрғындары атынан келіп отырмыз. Қала ішінде отырсақ та, 10 жылдан бері ауыз су, газ, жарық, жол т.б. инфрақұрылым жоқ. Әр түрлі себептер айтылады. Аудан әкімдері әрекет жасайды, қаражат бөлуге шамасы жоқ. Халық өз қаражатына ЖСҚ (ПСД) жасады, құжаттар сараптамада (экспертиза) жатыр. Осы тірлігімізге жәрдем сұраймыз.

Жауап: – Шымкент қаласы, «Тұран» шағынауданын инфрақұрылым жүйелерімен (ауыз су , газ, электр жарығы) қамтамасыз ету мақсатында, жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары басталған болатын. Алайда, шағын ауданның егжей-тегжей жоспары (ПДП) бекітілмеуіне байланысты, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары уақытша тоқтатылған. Қазіргі таңда, шағын ауданның егжей-тегжей жоспары келісіліп, бекітілді. Осыған байланысты, инженерлік жүйелердің, соның ішінде ауыз су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаржы бөлуге ұсыныс берілді.

21. Замира Пірназарова, zamira_ru_92@mail.ru:

Сұрақ: – Осыдан бірнеше апта бұрын жұмыссыздық бойынша тіркелейін деп «Жұмыспен қамту орталығына» барған болатынмын. Алайда, Орталық қызметкерлері мені «қазір тіркеуге алып жатқан жоқпыз» – деп шығарып салды. Бұл қалай болғаны? Оның үстіне, қазір тіркеуге тұрмаған адам мемлекеттік жұмысқа орналаса алмайды екен. Осы мәселені қалай шешуге болады?

Жауап: – Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы КММ-нің» «Тұрақты жұмыспен қамту секторына» жұмыссыздар есебіне тіркелуге келген біршама азаматтарды «Жұмыспен қамту ақпараттандырылған электронды жүйесінің» біраз уақыт аралығында жүктемеленіп (загрузка) қалуына байланысты, тіркеуге алу толық қанағаттандыруға мүмкіндігі болмаған. Қайта келген жағдайда, міндетті түрде орталық мамандар тіркеуге алуға жәрдемдеседі.

22. Жеңісбек, қала тұрғыны:

Сұрақ: – Тельман елді мекеніндегі Сыпырған ата көшесіне тротуар, яғни, аяқжол қашан салынады? №52 жалпы орта мектебі мен «Бекжан» базарына дейінгі аралықта аяқжолдың қажеттілігі байқалады. Осы мәселенің шешімін тапсаңыздар.

Жауап: – «Қатынкөпір» шағынауданындағы (бұрынғы Тельман) Сыпырған ата көшесінің құрылысына бүгінгі танда ЖСҚ-р әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға тексеруге өткізілді. Мемлекеттік сараптамадан оң қортындысы алынған сон, құрылыс жұмыстарын атқаруға бюджеттен қаржы қаралатын болады, Құрылыс жұмыстары 2016-2018 жылдар аралығында атқарылатын болады.

23. Марзия, «Тельман» шағынауданы, атауы жоқ көшенің тұрғыны («Шах» кафесінің көшесі):

Сұрақ: – «Тельман» шағынауданындағы көпшілік көшелерде атауы жоқ. «Шах» кафесінің көшесі деп өзімізше ат қойып аламыз. Жедел жәрдем шақырсақ та қиын.  

Жауап: – Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің тапсырмасына орай әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге атау беру және қайта атау мәселелері (есімдері ономастикалық объектілерге берілетін тұлғаларға қатысты нақты критерийлерді әзірлеуге қатысты) уақытша тоқтатылған (мораторий). Телман елді мекенінің атауы жоқ көшелеріне атау беру мәселесі мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін қаралатын болады.

Сұрақ: – «Тельман» шағынауданындағы тұрғын үйлерде жарық мөлшері жеткіліксіз. Осыған байланысты мемлекеттік электр трансформаторын орнатып беруіңізді сұраймыз.

Жауап: – 2016 жылы «Тельман» шағынауданының электр жүйелеріне жұмыс жобасын әзірлеу жоспарлануда. Бюджетке қаржы бөлуге ұсыныс берілді. Қаржы бөлінген жағдайда тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

24. Раушан Шоланова, Әлімқұлов көшесі, №7 «А» үйдің төрайымы, 38-пәтер:

Сұрақ: – Біз, «Жоғарғы» базар тұрғындары көпқабатты тұрғын үй, пәтер иелері Әлімқұлов көшесі (бұрынғы Энгельс) үй арасындағы, арты мен алдындағы автовокзалдарды, автотұрақтарды және жаяу жүруші жолдардағы жабайы базар еш алынбайды. Мен, өзім бір емес, бірнеше рет әкім орынбасары Жанбосыновқа шағым арыз жазғанбыз. Барлығы аяқсыз қалып отыр. Осы жерді ескі автовокзалға көшіруге ықпал етсеңіздер?  

Жауап: – Төле би көшесі бойындағы Жоғарғы базар аумағындағы ретсіз саудамен айналысып отырған тұлғалар бойынша Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері тарапынан Әл-Фараби полиция бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында түсіндірме жұмыстары жүргізілді және Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-ші және 505-ші баптарына сәйкес білгіленбеген орындарда сауда жасап отырған тұлғаларға хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, Әлімқұлов көшесі көп қабатты тұрғын үйлердің жан-жағын заңсыз автотұрақ ретінде пайдаланып тұрған автокөлік иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жол патрульдік полиция қызметкерлерінің тарапынан ескертулер жасалды.

25. И.Әлсерке, «Самал-1» ш/а, Мырзаев көшесі, №58 үй:

 Сұрақ: – Қаламыздағы сауда орындарына, қонақ үйлерге, әсіресе тойханаларға, басқа да қоғамдық орындарға аттарын міндетті түрде мемлекеттік тілде жазу қажет. Бүгінгі таңдағы жеке кәсіпкерлер тәртіптің жоқтығынан білгендерін істеп, орыс, ағылшын тілдерінде аттарын жазып, ұлттық мүддені ұмытты. Осы мәселені қолға алсаңыздар.

Жауап: – Шағын және орта кәсіпкерлерлік субъектілеріне әкімшілік тосқауылдарды азайту мақсатында құжаттарды Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы қабылдап, заң талаптарына сәйкес Әділет олргандарында тіркеуден өткізеді. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер қазақ немесе өзге тілдерде атау қою туралы шешімді жеке-дара қабылдайды. Аталған мәселенің өзектілігін ескере отырып атауын заңсыз қойған шағын және орта кәсіпкерлер субъектілеріне рейдтік жұмыстар жүргізіліп келеді. ҚР Тіл туралы заңнамаларына қайшы орналасқан маңдайша, жарнамаларға, қала әкімдігінің қаулысымен әкімшілік айыппұл салу өкілеттілігі Шымкент қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне берілді. Алдағы уақытта тілдері шұбарланып жазылған көрнекі ақпараттар иесіне айыппұл салынатын болады.

Сұрақ: – «Самал» базарының алдында жаяу адамдар жүретін жолдар (тротуар) салынбаған, сондықтан ол жерлерді көлік тұрақтарына айналдырып жіберген. 2009 жылдан бері қаланың ауданның бірнеше рет әкімдері уәде беріп бірақ орындамай келе жатыр. Қаражатқа қарайламайақ жол салынғанға дейін Т.Рысқұлов көшесінің бойындағы, «Самал» базарының алдындағы су ағатын астаулардың (лотоктар) бетіндегі арматуралардан жасалған темір көпірлерді алып тастаса, базардың алдындағы көлік тұрақтарына көліктер өте алмайды. Сондықтан жаяу адамдар жүретін жолдар ашылып, ыңғайлы болады. «Самал» базарының алдында, бүгінгі таңға дейін бірнеше адамдарды автобустар, жеңіл автокөліктер қағып өлтіріп, мүгедек етіп кеткенін естіп көріп жүрміз.

Жауап: – Рысқұлов көшесінде «Самал» базардың алдында аяқ жол салу мәселесі бойынша әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп аяқ жол салу орындары зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде қажетті орындарға аяқ жол салу жұмыстарға сметалық есептер дайындалып жұмыстар атқарылады.

Сұрақ: – Жаяу адамдар кез келген жерден өтіп кетпес үшін, Т.Рысқұлов көшесінің ортасынан темір шарбақтармен жауып тастау керек.

 Сұрақ: – Қаладағы жолаушылар тасымалдайтын автобустардың жол жүру ережесі жиі бұзылады. Көлік жүргізушілерімен, кондукторлар жолаушыларға дөрекі мінез көрсетіп, сыпайылық жасамайды. Өздерінің қалаған аялдамаларына 5-10 минуттан тоқтап адамдар жинап тұрады. Егер уақытылы жүр десең, өзіңе ұрсып, асықсаң таксимен кет деп әкіреңдейді.

Автобустардың ереже бұзуына басты екі себеп бар, біріншісі өздерінің қалауларымен қажетті аялдамаларға уақытты айтып тұратын бақылаушылар отырғызып қойған. Қандай автобус қай кезде келіп кеткенін айтып отырады. Екінші кінәрәт көлік жүргізушілерімен кондукторларға жұмыс кезінде қалта телефондарын пайдалануға тиым салу керек. Себебі, телефонмен қай автобустың қай жерде келе жатқанын сұрап біліп алады да, жол жүру ережесін бұзады. Осыған орай, жұмыс кезінде ережені бұзбау үшін телефонды пайдалануға тиым салатын заң қабылдау қажет.

Жауап: – Жүргізушілер мен кондукторлардың қызмет көрсету мәдениетін көтеру мақсатында, көлік компанияларымен тұрақты түрде жұмыстар атқарылуда. Олардың мәдениетін көтеру мәселесіне жалпы қоғам болып атсалысу қажет деп есептейміз. Әкімшілік кодекске сәйкес, көлік құралын басқару барысында телефонды қолданған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. Халық арасында «Секундомер» атанған адамдар тұрған аялдамалардың тізімі жасалып ішкі істер органдарына ұсынылды. «Секундомерлердің» қызметін жою бойынша ішкі істер органдары жұмыстар атқаруда.

26. Музапарова Эльмира Халужанқызы, Өзбек (Узбекская) көшесі, №40 «А» үй, 6-пәтер тұрғыны:

Сұрақ: – Сізден өтініп сұранамын: мен 8 (сегіз) айдан бері әділдік таппай жүрмін. Жан-жақты арыздар жазумен жүрмін. Менің 60 (алпыс) жылдан бері үймен бірге салынған сарайым бар. Сол сарайымды жерімен қосып, менен тартып алып, ішіндегі заттарды талан-таражға түсірсе де, ешкім мән бермей отыр. Өзіңіз бұл мәселені бақылауыңызға алып, жауапты лауазымды мекемелерді құзырыңызға салуды Сізден өтініп сұранамын. 

Жауап: – Шымкент қаласы, Өзбек көшесі №40А үйге іргелес жер учаскесі «Жер ҒӨО» РМК ОҚФ Шымкент қалалық бөлімшесінің біріңғай жер тізілім базасына сәйкес, Т.Н.Ткаличке берілгені белгілі болды. Шымкент қаласы әкімдігінің 08.09.2014 жылғы №1869 санды қаулысы негізінде Ткалич Татьяна Николаевнаға нысаналы мақсатын бала-бақшаны кеңейту үшін кадастрлық №19-309-013-1688 алаңы - 0,0164 га жер учаскесі жеке меншік құқығымен табысталғаны анықталды. Музапарова Эльмира Халужанқызына Өзбек көшесі №40А үй жанындағы жер учаскесін заңдастырып беруге мүмкіндік жоқ.

27.Қала тұрғындары атынан:

Сұрақ: – Қала ішінде жүрген газельдерді алуға болмайды. Себебі бұхара халық аз қамтылған отбасылар сонымен күн көреді. Үлкен автобустың арендасы қымбат және үлкен автобустпен жетем деген жерге тез жете алмайсын. Газель тиімді. Қытай автобусының пайдасы шамалы.

Жауап: – Бүгінгі таңда қала әкімдігі тарапынан шағын автобус бағытындағы көлік құралдарын бір мезетте ауыстыру жұмыстарын атқаруды жоспарлап отырған жоқ. Шығын автобус бағыттары автобус бағыттарына өз ерекшеліктеріне қарай жол жөндеу және жолаушылар ағынының қалыптасуына қарай ауыстыру жұмыстары атқарылатын болады.

28.Қала тұрғындары атынан:

Сұрақ: – Қала аумағына көлеңкесі көп түсетін әрі 300 жылға дейін өмір сүретін қараталды көптеп егу керек.

Жауап: – Шымкент қаласының орталық көшелері бойларына бірқатар ерекшеліктерді ескере отырып (жол бойындағы енді жолақтарға, жарық-бағдаршам жүйесіне кедергі келтірмейтін және т.б) жай жапырақты үйеңкі емен, талшын, катальпа және қарағаш ағаштары отырғызылуда. 2015 жылдың күз-қыс маусымында барлығы 70 мыңнан аса ағаш-бұта көшеттері отырғызылды. Ағаш көшеттері жергілікті тұқымбақтардан жеткізілуі талап етіліп, өсіп-өнуі бақылауға алынған. Сонымен қатар осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында 2016 жылы көктем және күз маусымдарында 90 мыңнан аса декоративті ағаш көшеттер мен көпжылдық бұтақшалар, соңың ішінде қаратал ағашының көшеттерін отырғызу жоспарлануда.

29. Фарида Әжіханова, Сайрам көшесі 1/3 үй комитетінің төрайымы:

Сұрақ: – Еңбекші ауданының басқа аулалары сияқты біз тұратын «Цементшілер» шағынауданының аулаларында абаттандыру жұмыстарын жүргізулеріңізді сұранамыз.

Жауап: – Сайрам көшесі №1/3 үй ауласын абаттандыру бойынша 2015 жылға қаржы бөлуге бюджеттік өтінім берілген, алайда қаржы бөлінбеуіне байланысты құрылыс жұмыстары жүргізілмеді. Қазіргі таңда Сіздің аулаңызды абаттандыру үшін 2014 жылы жасалған сметалық есептерге Еңбекші ауданы әкімінің аппараты тарапынан түзетулер еңгізілді. Қажетті қаражат бөлінгеннен кейін абаттандыру жүргізіледі.

Сұрақ: – «Сайрам» - «Жібек жолы» көшелерінің қиылысында көлік кептелісі жиі орын алады және көшенің қалалық ішкі істер басқармасының тұсындағы бөлігінің деңгейі төмен болғандықтан жауын-шашынды күні өте көп су жиналады. Осы жағдайларды ескеріп көшеге «оң жақ бұрылыс» және төмен түсіп кеткен деңгейін көтеру жұмыстарын жүргізулеріңізді сұранамыз.

Жауап: – Сайрам-Жібек жолы көшелерінің қиылысында көлік тығындарын болдырмау мақсатында, екі денгейлі жол айрығының құрылысы жүргізіледі. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарына ЖСҚ-р әзірлеуге қалалық бюджеттен қаржы қаралып, жобалаушы мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурс өткізілуде. Жоба әзірленген сон құрылыс жұмыстары 2016 – 2018 жылдар аралығында атқарылады. Жобада ирригациялық жүйелердің де құрылыстары қаралатын болады.

30. Ләззат Лесова, Қабанбай батыр даңғылы, №13 үйдің төрайымы:

Сұрақ: – Қабанбай батыр даңғылы, №13 үйдің ауласына түнгі жарықшам және үйдің ауласына балалар ойын алаңшасын орнатып берсеңіздер.

Жауап: – 2016 жылы Әл-Фараби ауданы аумағындағы 70 көпқабатты тұрғын үй аулаларын жарықтандыру көзделіп отыр. Оның ішінде Қабанбай батыр көшесі №13 үй ауласы енгізілген. Құрылыс жұмыстары 2016 жылдың наурыз айында жүргізілетін болады. Қабанбай батыр №13 көпқабатты тұрғын үй ауласына балалар ойын алаңшасын орнату үшін сметалық құжаттама жасалынған. Аталған жұмыстар қаржы қаралған жағдайда атқарылады.

31. Ергеш Ғазиев, «Қатынкөпір» шағынауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы және ауыл биі:

Сұрақ: – №56 мектеп 600 орындық, ол жерде 2500 бала оқиды, ал екінші мектебіміз №87 мектеп Арғынбеков көшесінде, ол мектеп 1200 орындық, онда 4000-ға жуық бала оқиды. Әл-Фараби көшесінің бойында 8-9 жылдан бері 6-шы емхананың артында мектеп ғимараты немесе балабақша салынады деген жер бар еді, сол жерден мектеп ғимаратын салып берсеңіздер деген ұсынысымыз бар.  

Жауап: – «Самал-3» шағын ауданында 1200 орындық мектеп құрылысы қарастырылған, мектепке қарастырылған жерде 16 меншік иелері мен жер пайдаланушылар бар екендігі анықталған, осының негізінде мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қала әкімдігінің 11.06.2015 жылғы №859 санды қаулысы қабылданып, төмендегі жұмыстар атқарылған:

– 6 жер учаскесі сот шешімімен және ТҮКШ-мен толық мемлекет мұқтажына қайтарылды;

– 5 жер учаскесі сотқа тапсырылды;

– 3 жер учаскесі басқа жерге айырбастау жұмыстары жүргізілді;

– 2 жер учаскесі түбірін анықтау мақсатында мұрағатқа хат жолданып жұмыс жүргізілуде. Жерлерді мемлекеттік мұқтаждыққа алу жұмыстары жер қатынастары бөлімінің қатаң бақылауында. Мәселенің шешімі қосымша хабарланады.

Сұрақ: – Қошқар ата өзенінің аяқ жағында тұрамыз. Темірлан тас жолынан Өтегенов, Арғынбеков көшелеріне дейін өзен өтеді, ол биікте орналасқан ал елді мекендер төменде орналасқан. Атап айтатын болсақ Тельман, Ленин, Куйбышев, Солтүстік батыс, Самал-3 елді мекендердің бәрі төменде орналасқан. Қар мен жауынның кезінде резіңке етік киіп, су кешіп жүреміз.Темірлан тас жолынан Арғынбеков көшесіне дейінгі 6,7 шақырым жерге лоток қойғызып берсеңіздер.

Жауап: – Қошқар ата өзені арнасын (Әл-Фараби көшесінен Арғынбеков көшесі бойындағы №87 мектепке дейін) бетондау жұмыстарына ЖСҚ әзірлеуге қажетті қаржы қарауға бюджеттік комиссияға ұсыныс енгізілді.

Бюджеттен қаржы қаралған жағдайда ЖСҚ әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы қарауға ұсыныс енгізіледі.

32. Шукрат Құдайбергенов, Сайрам тұрғын алабының тұрғыны:

Сұрақ: – Сайрам тұрғын алабында 150-ден астам көшелер бар, сол көшелерге тас төсеп, асфальттап берсеңіздер.

Жауап: – 2015 жылы Сайрам тұрғын алабының 13 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары атқарылған. 2016 жылы 6 көшеде орташа жөндеу жұмыстары атқаруға бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі таңда мердігер мекемелерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурстар өткізілуде. Жұмыстар ағымдағы жылы мамыр айында басталып, жыл сонына дейін аяқталатын болады. Осы жұмыстар жыл сайын қолдау тауып рет-ретімен Сайрам тұрғын алабының көшелері толығымен асфальтталынатын болады.

33. Шерім Медеуов, Шымкент қаласының құрметті азаматы:

Сұрақ: – Асанбай Асқаровтың тұсында балалар темір жолы салынған, оған керемет еңбек етілген. Енді бір кісілер оны жөндеудің орнына құртып жатқанына жаным ашиды. 2014 жылы автобуста келе жатсам Нұрсәт аялдамасының қасында үлкен экскаватор темір жолды алып жатыр. Ал енді бүгін келе жатсам сол жер сатылады деп жазып қойыпты. Осы темір жолды жөндесек балалар үшін жақсы болар еді.

Жауап: – Шымкент қаласындағы Балалар темір жолы желісінде (6,2шақ) ұсыныста айтылған оқиға орын алмаған. «Нұрсат» ш/а тұсында жеке тұлғалар тарапынан темір жол бойын, қорғау аймағынан кейін, іргетас үшін қазып, котлаван әзірлеу жұмыстары жүргізілген. Балалар темір жол стансасы 2015 жылы қыркүйек айына дейін тұрақты жұмыс жасап келген. 2016 жылы қайта құру жұмыстарына ЖСҚ әзірлеуге қаржы қарау үшін бюджеттік комиссияға өтінім беріледі.

Сұрақ: – Рысқұлов пен Қонаев көшесінің қиылысында топографиялық карта болатын, оны барлығы да біледі, соны алып тастапты, соны орнына қою керек деп ойлаймын. Себебі ол біздің қаланың бір белгісі, осы екі мәселені қолға алсаңыз.

Жауап: – Бүгінгі таңда Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан Т.Рысқұлов және Д.Қонаев даңғылдарының қиылысындағы «Хан қорғаны» гүлзары аумағында көріктендіру жобасы әзірленуде. Жобаның орталық бөлігіне Д-18м болатын фонтан құру қарастырылып отыр. Сондықтан сол маңда орналасқан 4 қанатты темір конструкция алынды.

34. Қаратөбе тұрғын алабының төбе биі:

Сұрақ: – Біз өзіміз қалаға 2014 жылдан бері өттік, бірақ ішетін суымыз Сайрам ауданына қарайды. Бұл өте қиындық туындатып отыр, соны қаланың балансына өткізіп беруді сұраймын.

Жауап: – Бүгінгі таңда Қаратөбе тұрғын алабы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, Сайрам ауданынан қала аумағына қосылған бірнеше елді мекендердің ауыз су жүйесінің тиісті құжаттары болмағандықтан қаланың коммуналдық меншігіне қабылдау мүмкін болмауда. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімдігіне бірнеше рет хат жолданған. 2017 жылы Қаратөбе тұрғын алабы ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесі қаланың коммуналдық меншігіне қабылданады.

Сұрақ: – 2 мектебіміз бар біреуі асар жолымен салынған, екінші мектептің жері шешілмей жатқан еді, бүгінгі таңда екі мектептің де жер мәселесі шешілген сол екі мектепті жаңартып берсеңіздер.

Жауап: – «Шымкент қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес Қаратөбе тұрғын алабының Шаңырақ шағын ауданынан 600 орындық мектепке ЖСҚ-ы дайындалуда. Құрылыс жұмыстарын бастау 2017 жылға жоспарланған. Ал, Абдуллабад шағын ауданынан №101 мектепке 300 орындық қосымша құрылыстың жер теліміне қалалық білім бөлімі тарапынан мемлекеттік акт дайындалуда. Құрылыс жұмыстарын бастау 2017 жылға жоспарланған.

35. Жеңіскүл Камалова, Әуезов көшесі №3 үй төрайымы:

Сұрақ: – Абай ауданы «Жаңаталап» аумағындағы 21 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына балалар ойын алаңшаларын орнату мәселесін шешіп берсеңіз.

Жауап: – 2016 жылға Абай ауданы аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларымен елді мекендерге 65 балалар ойын алаңшалары, 15 спорт алаңшаларын орнату мен көріктендіру және 10 аулаға тренажер элементтерін орнату жұмыстарын жобалық- сметалық құжаттарын дайындау үшін қалалық бюджеттен 1,5 млн. теңге бөлініп наурыз айдың аяғына дейін ЖСҚ-лар дайын болады деп жоспарлануда. Ал, «Жаңаталап» аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына 2 балалар ойын алаңшалары және 2 спорт алаңдарының құрылысы жоспарланған.

36. Балтабеков Бақыт, «Ақжайық» шағынауданының төбе биі:

Сұрақ: – «Ақжайық» шағынауданындағы №59 орта мектепте оқушылардың саны көп болуына байланысты жаңа мектеп салынады делінген, құрылыс жұмыстары қашан басталады, қай жылға қарастырылған:

Жауап: – «Шымкент қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес Ақжайық шағынауданындағы №59 орта мектепке 600 орындық қосымша құрылыс ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, 2017 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

37. Ж. Теңізбаев, Елтай тұрғын алабының ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Сұрақ: – Еңбекші ауданы Елтай тұрғын алабының жолына асфальт төсеп берсеңіздер және Тоғыс өзенінен өтетін көпір апатты жағдайда, осы көпірді күрделі жөндеуден өткізіп берсеңіздер

Жауап: – Елтай тұрғын алабының орталық екі көшесінде орташа жөндеу жұмыстарын атқаруға бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі таңда мердігер мекемелерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурстар өткізілуде. Жұмыстар ағымдағы жылы мамыр айында басталып, 2016 жылдың сонына дейін аяқталатын болады. Сонымен қатар, Тоғыс өзені үстінен өтетін көпірдін құрылыс жұмыстарына ЖСҚ-р әзірлеуге бюджеттен қажетті қаржы көлемін бөлу үшін ұсыныс енгізілді. Қаржы қаралған жағдайда 2017 жылы ЖСҚ-р әзірленіп, 2018 жылы құрылыс жұмыстар атқарылатын болады.

38.Ақтас елді мекенінің тұрғыны:

Сұрақ: – Ақтас елді мекеніндегі №61 мектепке баратын жолымыз топырақ жол, соны асфальттап, жаяужол салып, жарықтандырып берсеңіздер.

Жауап: – Ақтас тұрғын алабындағы №61 мектептепке баратын көшені (Мешіттен мектепке дейін бөлігіне) күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ-р әзірленіп құрылыс жұмыстар бастауға қаржы бөлінді. Жұмыстар наурыз айында басталып 2016 жылдың сонына дейін аяқталатын болады. Жобада жолдың бойына аяқ жол салу жұмыстары қарастырылған. Жарықтандыру жұмыстары 2017- 2018 жылдар атқарылатын болады.

Сұрақ: – Бізде Ташкент жолынан екі жерде жерасты өткелін қалдырған, ол ауылдың сыртында іші тола су, қазір жол ашылған, балаларымызды сол жерден алып өтіп жатырмыз өте қиын, не деген қиямет машиналар өтіп жатыр сол жерге жаяу жүргіншілерге арналған жолақ сызып берсе.

Жауап: – Ташкент тас жолында жаяу жүргіншілер өтпесін ұйымдастыру мәселесі бойынша әкімшілік полиция басқармасына, «ҚазАвтоЖол» ҰК-на ұсыныс енгізілді. Ұсыныстың нәтижесі қосымша хабарланады.

39. Әбдімәлік Қаратаев, Маятас ауылы, Б.Момышұлы, 29:

Сұрақ: – Құрметті Ғабидолла Рахматоллаұлы, Сізге 160 астам халық қол қойған арыз жазып, кеше соны тіркеткен халықтың өтініші бойынша Сізден жеке қабылдауды өтінем.

Жауап: – Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау әр айдың үшінші сәрсенбісінде жоспарланған. Жеке қабылдау алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады.

Сұрақ: – 2014 жылдан бастап, 2015 жылы қалада жер туралы конкурс болмады, сол конкурс қашан болады.

Жауап: – Қазақстан Республикасының Жер кодексінің «Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтарды сауда- саттықта (конкурстарды, аукциондарда) алу туралы» 48-бабының1-тармағының талаптарына сай, «тізбесін жергілікті атқарушы орган айқындаған және жергілікті өкілді орган тиісті шешімімен бекіткен, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелері немесе жер учаскесін жалдау құқығы кемінде жылына бір рет өткізілетін сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондада) сату обьектісі болып табылады» делінген. 2015 жылдың 7 наурыз күні аукцион ұйымдастырылған, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, онда 10 құжат сауда-саттыққа қойылған. Ағымдағы жылы аукцион және конкурс өткізу жоспарды бар, аталған сауда-саттықтарға ұсынылатын құжаттар дайындалуда, өткізілетін сауда-саттықтың (аукционның) өтетін орны мен уақыты туралы бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланатын болады.

40. Маханбет Эльмуратов, «Достық» шағынауданының төбе биі:

Сұрақ: – «Достық» шағынауданының мектепке баратын орталық көшесін кеңейтіп, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салуға көмек берулеріңізді сұранамыз?

Жауап: – «Достық» шағынауданындағы №69 мектептің алдындағы атауы жоқ көшесінде 2016 жылы аяқ жол салу жұмыстары атқарылатын болады. Сонымен қатар, аталған көшеде көлік ағымы мен тығындары орын алмауына байланысты көшені кенейту қажеттілігі туындап отырған жоқ.

41. Жанат Мустафина, Темірлан тасжолы №40 үй төрайымы:

Сұрақ: – Өткен жылы Абай ауданында қала орталығындағы үйлердің аулаларын жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыс биыл жалғасын табады ма?

Жауап: – 2015 жылы Абай ауданы аумағындағы 20 көпқабатты тұрғын үй аулалары жарықтандырылып пайдалануға берілді. Осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында үстіміздегі жылы Абай ауданы бойынша 60 көпқабатты тұрғын үй аулаларын жарықтандыру көзделіп отыр. Оның ішінде Темірлан тасжолы №40 үй ауласы енгізілген. Құрылыс жұмыстары 2016 жылдың наурыз айында жүргізілетін болады.

42. Абдрахман Байгелдиев, Ақтас ауылының тұрғыны:

Сұрақ: – Ауылда 3 қабатты жаңадан салынған мектеп бар, 600 бала оқиды, мектепке ауыз су бөшкемен әкелінеді, сол қиын болып отыр, соны шешіп берсеңіздер. Ауылдың бас жағында газ бар да, басқа жағында газ жоқ, біз кеңес одағынан бері қалаға Абай ауданына қараймыз. Осы мәселені қолға алып, шешімін тапсаңыздар. Рахмет!

Жауап: – 2016 жылғы 29 ақпаннан бастап Ақтас тұрғын алабындағы №61 орта мектебі орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылды. Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына сәйкес 2016 жылы «Ақтас» тұрғын алабын табиғи газбен қамту мақсатында ЖСҚ әзірлеуге ұсыныс енгізіледі.